kysh kumyralar2

Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстар адамзат қоғамының әр дәуірінен мол ақпарат береді. Сол арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық, отбасылық, этно-мәдени қарым-қатынасы жөніндегі мәліметтерге қол жеткізе аламыз.
Қыш адамзат тұрмысында алғашқы қолданыста болған материалдар қатарында. Балшықтан түрлі бұйым жасап, оның беріктігін арттыру үшін күйдіру ісі мезолит, неолит дәуірлерінде пайда болып, содан бері тоқтаусыз даму үстінде. Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне мұралар ішінен қалыпқа құйып, күйдіріп жасалған әшекейлі қыш құмыралар көптеп кездеседі. Құмыралар көбіне бүйірлі, ернеулі, ұзын мойынды, кейбірі тұтқалы болып келеді.
Бүгінде «Қорқыт ата» мемориалды музейі қорында орта ғасырларда тұрғындар тұтынған қыш құмыралар сақтаулы. Бұл жәдігерлер сырттай қарағанда қарапайым зат болып көрінеді. Музей экспозициясында ІХ-ХІ ғасырларда Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыздар мемлекетінің астанасы болған Жанкент қаласынан табылған, оғыз халқының күнделікті тұрмысында пайдаланған қызыл қышты құмаралары орналасқан. Б.з.д. І мыңжылдықтың соңы мен б.з. VIII-IX ғ.ғ дейін өркениет ошағы болған жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қалалары бой көтерген Жетіасар мәдениетінің әлемдік тарихта алатын орны ерекше. Осы Жетіасар мәдениеті, Алтын асар қалашығына тән қыш құмыраларда музей экспозициясының қатарынан орын алған.
Сонымен қатар музей қорында биіктігі 25, диаметрі 20 см болатын қыш құмыра сақтаулы. Экспонатты 1998 жылы Қармақшы ауданы Жосалы ауылының сол уақыттағы әкімі Нұрмаш Жолмырзаевтің балалары тауып алған деседі. Құмыраны бұлар жасыл бояумен бояған. Кейінірек 2000 жылы аталған қыш құмыраны Нұрмаш Жолмырзаев музей қорына тапсырған. Сондай-ақ музей қорында саздан күйдірілген биіктігі 30 см, ені 25 см болатын қыш құмыра сақталған. Бұл жәдігерді құмыра қол өнер шебері Шолақов Олжабай Қорқыт ата мазары маңындағы саздан алып арнайылап жасаған. Шебердің қолтаңбасынан бұрынғы заман шеберлерінің ізі байқалады. Құмыра музей қорына 2000 жылы қабылданды. Тағыда осы секілді қыш құмыралар Жосалы кенті тұрғыны Бермағамбет Нұрмановтан 2000 жылы қорға алынды. Бұл құмыралар жер жырту жұмыстары кезінде табылған.

Пікіріңізді қалдырыңыз

Security code
Жаңарту

"Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының "Қорқыт ата" мемориалды музейі" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының ресми сайты. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Шоссе Самара - Шымкент, 10 у.

Top