isataev sovet isataiuly1

ҚОРҚЫТТЫ ТІРІЛТКЕН ФИЗИК 
Исатаев Совет Исатайұлы 
(1932-2015)

Физик-математик, ғалым, профессор Исатаев Совет Исатайұлы 1932 жылы наурыздың 23-шi жұлдызында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының “Совет” колхозында колхозшы жанұясында дүниеге келген. 7 жасынан бастап еңбекке араласқан ол Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл ұстасы болып iстедi. 1950 жылы Қарқаралы қаласындағы орта мектептi бiтiрген соң Алматыдагы С.М. Киров атындағы ҚазМУ—дiң физика-математика факультетiне (физика бөлiмі) оқуға түседi. Студент кезiнде өзiнің табиғи алғырлығы мен бiлiмге деген құштарлығы арқасында сол кезде факультетте жұмыс iстеген, Қазақстанда жылу физикасы ғылымының негiзiн салушы iрi ғалым Л.А.Вулистiң көзiне түсiп, iлтипатына ие болады және осы кезден ғылыми жұмыстарға араласа бастайды. Университеттi тәмамдағаннан кейiн ҚазМУ-дiң күндiзгi аспирантурасында қалдырылып, Л.А.Вулистiң жетекшелiгiмен 1959 жылы диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесiне ие болады.
1958 жылдың қараша айынан бастап С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң физика-математика факультетiндегi қызметiн бастайды: 1958 жылы-ассистент, 1959-1961 жылдары —аға оқытушы, 1963 жылдан бастап - доцент. 1990 жылы ғылыми және педагогикалық жұмыстардағы жетiстiктерi үшiн Исатаев Совет Исатайұлына ССРО ЖАК шешiмiмен профессор атағы берiлдi.
Совет Исатайұлының тек физика ғылымы саласында ғана емес, қазақтың мəдени тарихына да қалдырған ізгі мұрасы талай ғасырлар бойы айтылатындығы ақиқат. Совет Исатайұлы үшін 1979 жылы Сыр өңірінде тұрғызылған ғұлама бабамыз Қорқытқа салдырған ғажайып ескерткішінің орны тіпті бөлек. Бұл жай ғана тұрғызыла салынған ғимарат емес, оның үнемі желдің əсерімен Қорқыт бабаның күйі сарындас дыбыс шығарып тұратындығын жақсы білеміз. Бұл оңай жасалына салынған жаңалық емес. Совет Исатайұлының ұйқысыз өткен түндері мен ғалымдык терең зерделілік еңбегінің жемісі. Міне, ғасырлардан ғасырларға жетерліктей осындай тарихи мұра - жел қобыз жасаған Сəкең қандай құрметке болмасын лайық.

isataev sovet isataiuly4

isataev sovet isataiuly2

isataev sovet isataiuly3

"Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының "Қорқыт ата" мемориалды музейі" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының ресми сайты. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Шоссе Самара - Шымкент, 10 у.

Top