"Егемендікке қолы жетіп, өзінің өткеніне
көз жібере бастаған қазақ халқы үшін Қорқыт
бабамыз қалдырған гуманистік ниеттегі рухани
мұралардың маңызы өзгеше зор..." Н.Ә. Назарбаев.

Қорқыт ата мемориалды кешені

Бүкіл түркі тілдес елдердің ұлы бабасы Қорқыт ата атақты жырау, қобызшы, келер күнді болжайтын көріпкел бақсы, артына өшпес мұра қалдырған тарихи тұлға. Бабамыздың туған жері Сырдың жағасындағы Жанкент қаласы, ал мәңгілік жай тапқан топырағы Қармақшы ауданы, Қорқыт бекеті.
Қорқыт ата ескерткіші ең алғаш 1980 жылы аудан басшысы Е.Көшербаевтың бастамасымен салынған. Кешен бірнеше ескерткіштерден құралған. Ескерткіштің авторлары архитектор Б.Ибраев, С.Исатаев. 1997 жылы кешенде қайта жөндеу жұмыстары барысында амфитеатр, қонақ үй ғимараттары салынып мемориалды кешенге айналды.
2000 жылы кешен құрылысы аяқталып, Қорқыт ата дәуірінің мәдениеті тарихы жайлы сыр шертетін музейі ашылды. Осы жылдан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып қайта құрылды.
2014 жылы мемориалды кешенге облыстық бюджет есебінен реконструкция жұмыстары жүргізіліп, нәтижиесінде стела, амфитеатр, қылует, музей, қошқар мүсінінен тұратын тұтас архитектуралық ансамбль қайта салынды.
Кешендегі музей қайта салынып, толыққанды реэкспозициядан өтті. Ғимарат 3 экспозициялық залдан тұрады. Кешен аумағы - 8,295 шаршы метр жерді алып жатыр. Музей экспозициясының көлемі-163,81 шаршы метр.
2016 жылы облыс әкімінің қаулысымен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Қорқыт ата» мемориалды музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылды. Кешен түркі әлемі кие тұтатын Қорқыт бабаның мәңгілік мекеніне айналған түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие.
Музей заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталған. Музей залында LED экран, үш тілде ақпарат беретін сенсорлы моноблок пайдаланылады.

"Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының "Қорқыт ата" мемориалды музейі" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының ресми сайты. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Шоссе Самара - Шымкент, 10 у.

Top