Қорқыт атаның бейіті Қорқыт ата мемориалды кешенінен оңтүстік батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта Сырдария өзенінің жағасында орналасқан. 1950 жылдардан кейін су деңгейі көтеріліп Қорқыт атаның бейітін су шайып кетеді. Экспозициядағы сурет 1866 жылы жағадан түсірілген Қорқыт атаның бейітінің көрінісі. Қорқыт атаның бейіті киіз үй сияқты, кең көлемді күмбезделген формада салынған.


Қорқыт ата мазарын зерттеу орыс ғалымдары мен әскери қызметшілердің үлесіне тиді деуге болады. Белгілі шығыстанушы В.В.Вельяминов-Зернов, Ар.Грен, Л.Мейер, П.Лерх, И.Макшеев, В.В.Григорьев, А.В.Аничков, Ә.Диваев Қорқыт ата мазарын әртүрлі мақсатта жол жүргенде зерттей өткен. ХІХ ғасырда орыс зерттеушілері Ә.Диваев, И.А.Кастанье, П.И.Лерх Қорқыт мазарының сақталған бөлігін суретке түсіріп, құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді 6-8 қырлы күмбезді құрылыс, ішкі көрінісі биік, ішкі қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған екен. Исламға дейінгі түрік сәулет өнерінің құрылысымен салынған. Орыс офицері И.Макшеев өзінің жазбаларында: «Қорқыт бейітінің айналасында 50-ге жуық саздан салынған молалар мен тамдар жатыр, әрі бұлар сапасы жоғары саз балшықтан салынған» десе, Л.Мейер «материалы для статистики Россий», СПБ; 1865 жылғы кітабында Қорқыт ата қорымындағы молалардың үшеуін ғана ежелгі көне құрылыстар қатарына жатқызған. 1858-1866 жылдары түсіріліп, 1872 жылы «Түркістан» альбомында жарияланған Қорқыт ата мазарының алғашқы суретінде салынған күмбез қасында бірнеше төртқұлақ сияқты қабірлер бар, дария жағалауынан ең кемі 100-120 құлаштай қашықтықта тұрғаны байқалады.
Қазіргі таңда Қорқыт ата бейітінің орны ғана сақталған. Ол жерде арнайы ескерткіш белгі және QR-код тақта орнатылған.






