Skip to content

БАСТЫ БЕТ/ Музей тарихы

ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫ: ДАСТАН, АҢЫЗ ЖӘНЕ МУЗЫКА

Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде танымал. Қорқыт ата туралы аңыз-әңгімелер қазақ халқы арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Қорқыт туралы аңыздар – берісі оғыз-қыпшақ дәуірінің, әрісі жалпыадамзаттық, яғни дүниенің жаратылу актісі туралы түсініктердің жемісі.

Қазақ аңыздарында Қорқыт – тек бақсы ғана емес, астындағы желмаясын сойып, терісін қобызына шанақ еткен Күй атасы.

Бүкіл түркітілдес елдердің ұлы бабасы Қорқыт ата – атақты жырау, қобызшы, келер күнді болжайтын көріпкел бақсы, артына өшпес мұра қалдырған тарихи тұлға. Бабамыздың туған жері Сырдың жағасындағы Жанкент қаласы, ал мәңгілік жай тапқан топырағы Қармақшы ауданы, Қорқыт бекеті.

Аңыздар бойынша, Қорқыт анасының үш жыл тоғыз күн құрсағында жатып, зор қиналыспен дүниеге келген. Қорқыт туылатын күні жер-дүние алай-дүлей болып, аспанды қара бұлт торлап, қатты дауыл соғады. Жұрт ақырзаман болған екен деп қатты қорқады. Дүниеге шыр етіп сәби келгенде дауыл да басылып, бұлт та тарап, табиғат мамыражай күйге түседі. Бүкіл аймақтағы адамдарға үрей сыйлап дүниеге келген сәбидің атын «бәрімізді қорқытып келген бала» деп Қорқыт қойған дейді.

Ортағасырлық тарихи деректерде Қорқыттың әкесі баят руынан шыққан Қарақожа, ал анасы – қыпшақ тайпасынан шыққан Алтыншаш екені айтылады. Данагөй Қорқыт бірнеше селжүк хандарының кеңесшісі болған деген де мәлімет бар.

Ел аузындағы аңыздарда Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген пікірге келеді. Осыдан соң Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Шынында да, атақты әулие, ұлы күйші әрі жырау өзі іздеген мәңгілік өмірін өнерден табады.

Аңыздың келесі бір нұсқасында ажал оның суға жайған кілемімен бірге жылан бейнесінде ілесе келіп, шағып өлтірген делінеді. Бірақ Қорқыт өлгенімен, оның ұзақ заман тартқан қобызының күйлері тоқталмапты. Қорқыттың қобызын моласына бірге қойған екен, Тәңірінің құдіретімен қобыз өзінен-өзі мұңды күй шертіп, Қорқыттың өзі тартқандай сарнап тұратын болыпты. Ертелі-кеш Қорқыт күмбезінің қасынан өткенде қобыздың сарнаған дауысынан «Қорқыт-Қорқыт» деген мұңды үн үзілмей шығып тұрады екен».

Қобыз –күй атасы атанған Қорқыт бейнесінің ажырамас бөлігі. Ол әлемге қобызды және қобыз сарынын алып келді деп саналады. Қорқыттың қобызды иеленуі жайындағы аңыздың бірі мынадай: «Бір күні Қорқытты ақсақалды әулие шал оятып: «Сен бір аспап жаса, аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы қарабақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ортекенің мүйізінен болсын, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңның аты қобыз болсын», –депті. Қорқыт әлгі әулие қарттың айтқан барлық шартын орындап қобыз жасап, оны қолына алып тартып көргенде қара қобыз күңірене күй төгіпті».

Қорқыт ата туралы аңыз-әпсаналар туысқан түрік, әзербайжан, түрікмен, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар халықтары арасында сақталған. Даңқты жыраудың өмірі мен мұрасын зерттеуде әсіресе, түрік, әзербайжан, түрікмен, қазақ ғалымдары айрықша еңбек сіңіріп келеді. Сонымен бірге, бауырлас Түркия мемлекетінің Байбұрт қаласында Қорқыт атаның мазары, Анкара, Стамбұл, Байбұрт, Адана қалаларында Қорқыт ата есімімен көше атауы және Әзірбайжан мемлекетінің Дербент қаласында Қорқыт ата мазары мен Баку қаласында «Қорқыт ата» ұлттық қоры бар екенін айтуға болады. Соңғы жылдары Қорқыт ата тұлғасына өзбек, қырғыз зерттеушілері де назар аудара бастады.

Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Бек Ибраев пен физик-акустик Советқан Исатаевтың жобасымен басталған.

Түгел түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт атаның құрметіне түрғызылған мемориалды кешен белгілі архитектор Бек Ибраевтың жобасы бойынша жоғарыдан қарағанда қобыздың бейнесін бейнелейді. Кешен аумағында орнатылған қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталығында 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылған тәрізді Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.

Ғасырлар бойы адамзатқа өзінің тарихи құндылығымен есте қалған Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне кірген. Сонымен қатар, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қорқыт ата кешені «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» тізіміне енген.

Бүгінде Қорқыт ата мұраларын әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 2006 жылдан бастап үш жылда бір рет дәстүрлі түрде  «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылып тұрады.Сонымен қатар, 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қорқыттың дүниеге келуі, балалық шағы, жеткіншек кезінен сәуегей, абыз ретінде қалыптасу жолы туралы 4 бөлімнен тұратын «Қорқыт» телехикаясы түсірілді. Телехикая сценарийі әлемдік деңгейде зерттелген «Қорқыт ата» кітабына, атап айтқанда «Салор Қазанның үйінің шабылғаны»туралы жыр желісі негізінде түсірілген.

Тарихы таңбаланған санғасырлық Қорқыт ата мұраларын сақтау, бағалау, келер күнге жеткізу – міндетіміз. Осыған орай, Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің түпкір-түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға кеңінен насихаттау үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.

Дүниежүзілік тізімдерге қосу:

Қорқыт ата мұрасы –Қазақстанның бастамашылығымен және бауырлас Түркия, Әзірбайжан мемлекеттерінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.28.11.2018, Маврикий Республикасы, Порт Луи қаласы ЮНЕСКО-ның 13-сессиясы.https://ich.unesco.org/en/RL/heritage-of-dede-qorqud-korkyt-ata-dede-korkut-epic-culture-folk-tales-and-music-01399

Құрастырушылар:

Бақтияров Нұрлан Жеңісбекұлы, жырау, фольклортанушы, арнаулы пәндердің мұғалімі.

Музей басшысы, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қорқыт ата» мемориалды музейі» КМҚК

Е-мейл / WhatsApp: + 7 724 37 4-04-67, korkyt-ata.museum@mail.kz 

Объект картасы:  45°36’16.0″N 63°56’08.6″E

         Baktiyarov Nurlan Zhenisbekovich, zhyrau, folklorist, teacher of special disciplines.

         Head of the museum, KSCP «Korkyt Ata Memorial Museum» of the Department of culture, archives and documentation of Kyzylorda region

         Е-mail.ru / WhatsApp: + 7 724 37 4-04-37, korkyt-ata.museum@mail.kz 

  1. КәрібозовБ.«Қорқыт ата туралы аңыздар мен әңгімелер» хрестоматиялық жинағы 

 Авторы: жазушы, әдебиеттанушы. – Алматы, 2018, 58 б.

  • ҚосановС. «Қорқыт атаның даналық сөздері». –Алматы,2019, 173 б.
  • ЖарқынбаевМ. Қорқыт. Елім ай.–Алматы: Өнер баспасы, 1987,11 б.
  • Жолдасбеков М., Шадиева Г. Қорқыт ата кітабы.– Нұрсұлтан: Күлтегін баспасы 2020, 4 б.
  • Нұржанов Б. Қорқыт сарыны.–Алматы қаласы, 2008, 25 б.

Иллюстрациялық материал

Фото жазба жүргізген: Б. Есжанов



Фото жазба жүргізген: Б. Есжанов


Фото жазба жүргізген: Б. Есжанов



Бөлісу/Поделиться: