Skip to content

Сыр елі – Жыр елі

Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке. Сол себепті өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал – серілер шығармашылығы әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс ретінде өзіндік сипаты басым өнер түрі есебінде айрықша назар аударады. Сыр елінде өмір сүріп, аты үш жүзге мәлім болған ақын – жырауларымыз ұрпақ тәрбиесіне, инабаттылық пен ой – өрісінің дамуына, эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда ұстаған. Бұл жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі — өнеге ретінде жол салған. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өмір арқылы жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жастарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек етуге үндейтін толғау-термелер де игі қасиеттерді көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған. Соның ішінде, Сыр Сүлейлерінің көп бөлігі Қармақшы өңірінде туып, өсіп, айшықты жыр күмбезін жасағаны баршаға мәлім. Оған қоса көмейінде бұлбұл сайраған, сұлу сазды, алуан мақамды, жезтаңдай жырау, термеші, жыршылардың қалың тобы осы өңірді мекендеген. Мысалыға, атақты Ешнияз сал, Жиенбай Дүзбенбетов, Сәрсенбай Бөртебаев, Тұрымбет Салқынбаев, Тасберген Құлманов, Шегебай Бектасұлы, Рүстембек Жиенбаев, Дайырдың Оңғары, Молдахмет Дабылов, Жүсіп, Ібаш, Дүйсен, Мұзарап, Үбісұлтан, Әкімгерей, Көшеней тағы басқа да есімі елге кеңінен танылған жыршы-жыраулардың туған, өмір сүрген жері Сыр бойы, Қасиетті Қармақшы жері.

Сонымен қатар жыраулық терме өнерінің атадан балаға мирас болып жалғасуы да осы өңірден көрініс табады. Атақты өнер саңлағы атанған, айтулы ақын, жыршы, композитор Ешнияз сал (1834 – 1902 ж) –Тұрмағамбет ауылында туып, бүкіл ғұмырын осы жерде өткізген. Оның баласы Кете Жүсіп (1871 – 1927 ж) әке жолын жалғастырып, дамытып, жыраулық өнерімен дараланып көзге түскен. Оның баласы Мұзарап Жүсіпов (1905 – 1972ж) 13 жасында шаршы топты таңдандырып «Жырау бала» атанған. Ол 17 жасынан бастап өлең жазумен айналысып, өмір көріністерін өз байқауынша бұлжытпай қағазға түсіріп, оны әке мақамында домбырамен толғай жырлаған. Сондай-ақ, Мұзараптың баласы Сабыт Жүсіпов те жұртшылыққа кеңінен танылған жырау, әрі ақын болған. Осылайша жыраулық өнерді мұрат етіп ата – баба мақамын асыл қазынадай ардақтап, баяғы мөлдір күйінде жалғастырып келе жатқан жыраулар ұрпақтары осы ауданда көптеп саналады.

Ешнияз сал бастаған өнер сәйгүліктері қаулап шыққан өнер ордасы өнердің қазыналы мекені болды. «Жиенбай жырау» мектебін белгілі жыраулар Шамшат Төлепова, Бидас Рүстембеков жалғастырды. Жиенбай Дүзбенбетов (1864 – 1929 ж) шашасына шаң жұқтырмайтын, арғымақтай жалпақ елге әйгілі жырау болған. Сонымен бірге ол терең ойға, астарлы сырға тұнған тіні мықты матадай тозбайтын көркем жырлар жазып қалдырған. Оның өмірдің қатпар – қатпар алуан қырларын шынайы күйінде суреттеген толғауларын қазіргі жыршы, жыраулар үнемі орындап келеді. Жыраулық өнерді насихаттауда ұрпақтар сабақтастығы көрініс алады. Рүстембек Жиенбаев (1906 – 1966 ж), Көшеней Рүстембековтер (1946 – 1973 ж), Бидас Рүстембеков, Арнұр Көшеней, Барбол Рүстембековтер мұқалмайтын алтынның сынығы деп мақтан етеміз.

Бөлісу/Поделиться: